Біреулер бар сыртымнан қару кезенген,
Біреулер бар қызыл тілін безенген.
Білемін бәрін, сеземін бәрін, сезем мен
Бірақ қолдан не келеді... ТӨЗЕМ МЕН!
Өттім біраз кедір-бұдыр кезеңнен,
Өткелі жоқ, ағысы қатты өзеннен.
Өмір маған қиындығын қиғанмен
Қызықтарын қысып берді. ТӨЗЕМ МЕН!
Кездер болды кеберсіп ерін, кезерген,
Кездер болды соңымнан нақақ сөз ерген.
Адамдардың арасында жүрген соң,
Амал қанша, барлығына төзем мен!
Жылытсам деп бетон бетін безерген,
Қу қоғамның қуыстарын кезем мен.
Тиеп алған түрлі жүгін тірліктің
Жүрегім соғып тұрса болды. ТӨЗЕМ МЕН!
Естілердің еншісі ғой ежелден,
Не өзі өлген немесе есіл сөзі ерген.
Өкінгенмен өмірге екі келмейсің,
Өзімді өзім сақтау үшін ТӨЗЕМ МЕН!
// Нарша Қашағанов - Төзем мен!